Жоғарғы қалалық бастауыш училище

28.10.2022

    Өскемен қаласында Андреевская көшесі болған. Көше көне Ертіс жағалауынан басталып, базар алаңы, өрт сөндіру депосы арқылы 1899-1902 ж.ж. аралығында саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар салған қалалық баққа (қазіргі Жамбыл атындағы парк) дейінгі аймақты қамтыған.

   1886 жылы осы көшенің сол жағында сол кездің ең көрікті ғимараттарының бірі болған екі қабатты ерлер бастауыш училищесі (1881 жылдан ашылған) салынды. Бастабында үстіңгі қабатта қалалық училище, астыңғы қабатта бастауыш әйелдер училищесі, 1912 жылдан бастап – жоғары қалалық бастауыш училищесі орналасқан. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында ғимарат жалпы білім беретін мектеп ретінде пайдаланылған. Ұлы Отан соғысы жылдарында мұнда госпиталь орналасқан. Соғыс аяқталғаннан кейін 60-шы жылдарға дейін бұл ғимаратта облыстық аурухананың хирургия бөлімі, кейін кешкі орта мектеп болды. Ғимарат облыстық этнографиялық мұражайға берілуімен жаңа тыныс алды.