Киелі жерлерге саяхат

31.05.2022

2022 жыл елімізде "Балалар жылы" деп жариялануына орай, сондай-ақ балаларды қорғау күні қарсаңында тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі ШҚО мекемесі «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тарихи мәдени ескерткіштерді насихаттау мақсатында шара ұйымдастырды. Киелі, тарихи нысандарды таныстыру, ұлы Абайдың, ақын Шәкәрім мен жазушы Мұхтар Әуезовтің шығармашылығына балалардың назарын аудару экскурсияның басты мақсаты болды.
Балалар Абай өңірінде екі маңызды киелі орынға барды. Абай-Шәкәрім мемориалдық кешеніне және Мұхтар Ауезовтың өмірі мен шығармашылығы өткен үйінде болды.
«Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені өзінің ұлылығымен және бірегейлігімен баурап алды. Абайдың әкесі Құнанбайдың ата мұрасы Жидебай мекені ақынның шығармашылық орнына айналған. Бұл жерлермен байланысты тағы бір көрнекті есім Абайдың немере інісі  ақын, философ, тарихшы Шәкәрім Құдайбердиев. Кешен Абай Құнанбаев пен Шәкәрім Құдайбердиев жерленген жерде салынған. Бұл кешен  сәулет және тарих объектісі ретінде бірегей, Қазақстанның рухани киелі ордасы болып табылады.
Драматург, ғалым Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толуына орай балалар  Абай ауданы, Бөрілі ауылындағы Мұхтар Әуезовтің мұражай-үйінде болды. Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы, қоғамдық қызметі, Алаш партиясының өкілдері туралы мағлұмат алды.
2 күнге созылған экскурсиялық бағдарламаның соңында Тарихқа толы Семей қаласын аралау барысында балалар Абай ескерткішін, тарих және мәдениет ескерткіштері Ф.Достоевский және Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері мұражай-үйінде болды.