"Алтай - түркі әлемінің алтын бесігі" халықаралық ғылыми- тәжірибелік конференция

06.09.2019

Конференцияның маңызды мақсаттарының бірі - халықаралық ғылыми қауымдастықты Шығыс Қазақстан облысының археологиялық әлеуетімен таныстыру. «Алтай - түркі әлемінің алтын бесігі» форумы дәстүр бойынша қатысушыларға археология саласындағы жетістіктерді түсінуге мүмкіндік берді.

Конференция «2019-2021жж. Шығыс Қазақстан облысында археология саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту бағдарламасы», сондай-ақ Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа көзқарас: қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында қазақ тарихын зерттеу және Қазақстанның мәдени мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Ағымдағы жылы бағдарлама аясында отандық және шетелдік ғалымдардың (Франция, Түркия, Әзірбайжан, Чехия, Ресей Федерациясы) қатысуымен қазақ ұлтының мәдениетін, өзіндік ұлттық кодын сақтау негізінде модернизацияны ойдағыдай жүзеге асыруға және мемлекеттік модернизация бағдарламасының маңызды бағытын шешуге бағытталған зерттеулер жүргізілді.

Шығыс Қазақстанның бірегей археологиялық ескерткіштері – Елеке сазы (Тарбағатай ауданы), Ақбауыр (Ұлан ауданы), Сяньби мәдениетінің ескерткіштері (Катонқарағай ауданы), Аблайкит (Ұлан ауданы) зерттелді. Зерттеу нәтижелері конференцияның пленарлық отырысында Қазақстанның жетекші археологтары (З. Самашев, А. Төлеубаев) және қазбаларға қатысқан шет елдердің ғалымдары ұсынды.

Конференцияға Франция, Түркия, Жапония, Әзірбайжан, Ресей Федерациясынан археологтар мен түркітанушылар қатысты.

Конференцияға ҚР мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы  Б. Темирболат, және Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Невзат Уянык, Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасы Елшілігінің миссия басшысының орынбасары, Елші-министрі Хан Манчун, сонымен қатар Қазақстан Республикасындағы Үндістан елшілігінің бірінші хатшысы Санджай Гарг  мырзалар қатысты.

Конференцияның екінші бөлімінде шетел ғалымдары - Ахмет Ташағыл, профессор, Едитеп университетінің тарих бөлімінің басшысы (Түркия) және Тахира Шахбазов, тарих бойынша философия докторы, археология және этнография институтының (Әзірбайжан) жетекші ғылыми қызметкері дәріс оқыды.

Конференция аясында жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде табылған құнды жәдігерлер көрмесінде, Шілікті қорғандары мен Елеке сазы қорымындағы Алтын адам реконструкциялары, сондай-ақ Үржар ханшайымының  реконструкциясы ұсынылды.

Дәстүрлі түрде, конференция қорытындысы бойынша археология, түркология және облыстың туристік объектілері бойынша материалдар жинағы шығарылды. Конференция қонақтарына Облыстың атақты ескерткіштеріне жүргізілген археологиялық зерттеулер бойынша деректі фильм ұсынылды.