Аблайкит археологиялық кешеніне саяхат
24.07.2019Ұлан ауданының аумағында орналасқан тарихи орын Абылайкит ғибадатханасы - XVII ғасырға жататын буддистік сәулет өнерінің ескерткіші, Калба жотасының етегінде, Сибин көлдерінің аймағында орналасқан. Ғибадатхана 1654 жылы ойрат билеушісі Абылай тажінің бұйрығымен салынады. XVII ғасырдың 50-ші жылдарының екінші жартысы мен 60-жылдарында Аблайкит ірі діни орталықтардың бірі және буддистердің ең құнды қолжазбаларының қоймасы болды. Аблайкит небәрі 18 жыл тұрғанына қарамастан, мұнда едәуір қолжазбалар кітапханасы мен буддисттік жәдігерлер жинағы жиналды.
«Археологиялық сараптама» ЖШС-нің ғылыми қызметкері, Марғұлан атындағы Археология институтының белгілі археологы Ерлан Казизов балаларды тарихи ескерткіште жүргізіліп жатқан жұмыстардың натежиелерімен таныстырды. Балалар тарихи ғимараттың қалдықтарын - ғибадатхана алдындағы бөлмелерді және ғибадатхана кешенін, сондай-ақ шұңқырлардағы пеш қалдықтарын және тұрғын үй кешенін көріп танысты. Сонымен қатар бекініс қабырғасы мен қақпаның қалдықтарын коріп қана қоймай, экскурсия барысында балалар археолог маманның басшылығымен өздерін тарихтың ашушысы ретінде де сынап көрді.
Ашық аспан астындағы кешен ерекше таулы жоталардың арасында керемет жерде орналасқан, гүлденген ерекше өсімдіктердің алуан түрімен таңғажайып табиғаты бар мекенге жыл сайын тек республикалық қана емес, сонымен бірге шетелдік туристер де жиі келеді.